"БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫНЫҢ ЛИВАНДАҒЫ УАҚЫТША КҮШТЕРІ"
Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы уақытша күштері бастапқыда Қауіпсіздік Кеңесінің 1978 жылдың наурыз айындағы қарарымен Ливаннан Израиль әскерлерінің шығарылуын растау, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қалпына келтіру және Ливан Үкіметінің осы аймақтағы билігін қалпына келтіруге көмектесу мақсатында құрылды. Бұл мандатқа 1982 және 2000 жылдардағы оқиғаларға байланысты екі рет түзету енгізілді.
Қауіпсіздік Кеңесі 2006 жылғы шілде-тамыз айларындағы дағдарыстан кейін БҰҰ күштерінің санын көбейтті және оларға бастапқы мандатқа қосымша ұрыс қимылдарының тоқтатылуын бақылауды жүзеге асыру; Ливан Қарулы Күштерімен бірлесе қимыл жасап, оларға елдің оңтүстік аймақтарына орналасу кезінде қолдау көрсету; сондай-ақ бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмекке қол жетімділікті қамтамасыз ету және жер аударылған адамдардың қауіпсіз оралуына көмек көрсету міндеттерін жүктеді.
Қазақстандық бітімгершілік контингенті әскери бақылаушылар мен штаб офицерлерін қоса алғанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы уақытша күштері қатарында 2018 жылғы қазаннан бастап қазіргі уақытқа дейін қызмет атқаруда.