Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы әскери атташесі подполковник Роберт Бакстер оқытушыларға «Content and Language Integrated Learning-CLIL» пәндік-тілдік интеграцияланған оқыту курсын табысты аяқтағаны туралы сертификаттарды тапсыру үшін Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік дайындық орталығында болды.
Орталықтың жеті оқытушысы сабақты ұйымдастыру, өткізу және бағалау әдістемесін зерделеу бойынша оқыту курсынан өтті. Біліктілікті арттыру үшін ағылшын тілін оқытудың ең озық тәсілдерінің бірі қолданылды. Ұлыбританияның қолдауымен «Бітімгерлерге арналған ағылшын тілі» жобасы аясында ұйымдастырылып отырған курста Кембридждің тиісті ресми емтихандарын тапсыру да көзделген.
Ұлыбританияның әскери атташесі Қазақстан Республикасының бітімгерлік әлеуетін нығайту мен «Бітімгерлерге арналған ағылшын тілі» жобасын табысты іске асырудағы жетістігін атап өтті. Ол орталықтың оқытушылар құрамының дайындық деңгейі жоғары екенін, оған қорытынды емтихандардың жақсы нәтижелері дәлел болатынын айта кетті.
– Нұсқаушы-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру Қорғаныс министрлігінің бітімгершілік даярлау орталығын одан әрі дамытудың басым бағыты және ұлттық бітімгерлік контингентін жаңа жағдайларда сапалы даярлаудың кепілі, – деп атап өтті Орталық бастығы полковник Бауыржан Нығметуллин.
Ол, сондай-ақ, «Бітімгерлерге арналған ағылшын тілі» курсы аясындағы сабақтар орталықтың тілдік даярлық басқармасы мен оқытушылардың біліктілігін арттыруға едәуір үлес қосатынына тоқталды.
Тараптар, сондай-ақ, жобаны одан әрі іске асыру, атап айтқанда, жаңадан келген оқытушылар үшін біліктілікті арттыру курстарын өткізу бағыттарын да талқылады.