Жаңалықтар

Қазақстандық бітімгерлер Кенияда өткен конференцияда озық тәжірибемен танысты

Қазақстан Қорғаныс министрлігінің делегациясы Кения астанасы Найробиде өткен Халықаралық бітімгерлік дайындық орталықтары қауымдастығының (IAPTC) 27-ші конференциясына қатысты.

Халықаралық бейбітшілікті қолдау оқу орталығында 80 мемлекеттің бітімгерлік дайындық орталықтарынан 300-ден аса өкіл жиналды. Конференция делегаттары күрделі бітімгерлік операцияларға бітімгерлерді дайындаудағы серіктестіктің рөлін талқылады.

– Конференцияға қатысу бітімгерлік қызмет саласындағы ағымдағы үрдістермен және талаптармен танысуға, жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік берді. Қолдағы бар мәліметтерді ескере отырып, біз ұлттық бітімгерлік контингентін даярлау бағдарламасын уақтылы бейімдей аламыз, – деді Бітімгерлік дайындық орталығының бастығы полковник Бауыржан Нығметуллин.

Бұл шара бірінші кезекте бітімгерлік әлеуетті арттыруға, халықаралық ұйымдардың, үкіметтердің және төтенше жағдайларға ден қою тиімділігін арттыруға мүдделі жергілікті билік өкілдерінің стратегиялық ынтымақтастығын бағалауға және оны дамытуға бағытталған.

Бітімгерлік дайындық орталықтарының халықаралық қауымдастығы 1995 жылы құрылғанын айта кету керек. Тренингтер, білім беру бағдарламалары мен зерттеу бастамаларының арқасында бүкіл әлемнің бітімгерлік даярлау орталықтары 190 елден 50 мыңнан астам бітімгер дайындады.