Жаңалықтар

Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешенді бітімгершілік оқу-жаттығу жиынында сөйлеген сөзі

Құрметті генералдар және офицерлер, сержанттар мен сарбаздар!


Сіздерге ең қасиетті борыш жүктелген. Өйткені, Отан қорғаудан артық міндет жоқ! Армия – мемлекеттің берік қорғаны. Бүгінгі әскер – байрақты батыр бабалардың ұрпағы! Осыны ешқашан ұмытпаған жөн.
Біздің ұлан-байтақ жеріміз бар. Оны қорғау үшін дайындығымыз жоғары болуы керек. Бізге өз еліміздің ғана емес, әлемнің тыныштығы да өте маңызды. Сол үшін әрдайым бітімгершілік қызмет атқарып келеміз.
Ынтымақтастық пен серіктестік – біздің басты бағытымыз. Сіздер халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қостыңыздар.
Бітімгер болу – бейбітшіліктің елшісі болу деген сөз. Бұл міндетті адал атқардыңыздар. Осындай жаттығуларда шеберліктеріңіз шыңдала түседі.
Әскеріміздің рухы биіктей береді деп сенемін!

Сарбаздар және офицерлер!

Айбынды армия – ел егемендігі мен қауіпсіздігінің кепілі. Қарулы Күштер қатарында болып, Отанды қорғау – мәртебелі миссия әрі жоғары жауапкершілік. Біз армиямыздың жауынгерлік қуатына нық сенімдіміз!
Халқымыз сіздерді мақтан тұтады!
Қазіргі жағдайда армияның рөлі күн санап артуда. Қарулы Күштер бейбіт уақытта да орасан зор міндеттерді атқарады. Биыл біз бір ел болып пандемияға қарсы күресу үшін күш жұмылдырдық. Осындай жауапты шақта әскери қызметшілер әрқашан алдыңғы шепте болды. Отандастарымыздың өмірін және денсаулығын қорғау үшін аянбай еңбек еткен сарбаздар мен офицерлер нағыз жауынгерлік ерліктің үлгісін көрсетті. Пандемияға қарсы іс-қимыл шараларына қатысқан барша әскери қызметшілерге алғыс айтамын!

Құрметті сарбаздар!

Сіздер Отанды қорғаудың озық үлгісін көрсетіп келесіздер. Бүгінгі жоғары дайындық – соның айқын көрінісі. Ел тыныштығын сақтау, халқымызды қорғау – ең басты міндет! Осы перзенттік парызды адал атқарасыздар деп сенемін!
Мемлекетіміз Қарулы Күштерді әрқашан қолдайды. Себебі, армиямыз халықтың мүддесі үшін қызмет етеді.
Армиямыздың айбыны арта берсін!
Әр күніміз шуақты, әскеріміз қуатты болсын!
https://www.akorda.kz/ru/speeches/internal_political_affairs/in_speeches_and_addresses/vystuplenie-prezidenta-kazahstana-verhovnogo-glavnokomanduyushchego-kasym-zhomarta-tokaeva-na-kompleksnyh-mirotvorcheskih-ucheniyah