Жаңалықтар

Қазақстандық бітімгерлер Ливаннан оралды

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тоғызыншы бітімгершілік контингенті "БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері" (БҰҰДБ) миссиясына қатысуды аяқтады.

Әскери қызметшілер алты ай бойы "Шығыс" секторындағы Үнді бітімгершілік батальонының құрамында тапсырмаларды орындады. Жауапкершілік аймақтарында жаяу, мобильді және әуе патрульдерін жүргізді, жол тосқауылдарының жұмысын ұйымдастырды, бітімгершілік базасын күзетіп, бейбіт келісімдердің сақталуын қамтамасыз етті.

Контингентті ҚР ҚМ Бітімгершілік операциялар орталығы (KAZCENT) бастығының орынбасары – штаб бастығы полковник Бақытжан Жетпісов бастаған әскери қызметшілері, сондай-ақ келген бітімгерлердің туыстары мен жақындары қарсы алды.

Бітімгершілік бөлімшесінің командирі капитан Фархат Ақбалиев қызмет атқаруға тура келген өңірдегі қиын жағдайға қарамастан, бөлімшенің әскери қызметшілері жүктелген міндеттерді лайықты орындады деп есептейді.

– Әрине, біз туыстарымыз бен жақындарымыз күтіп тұрған Отанымызға үлкен қанағат пен қуанышпен оралдық, - деп әсерлерімен бөлісті Фархат Ақбалиев. – Біздің бөлімшенің кейбір әскери қызметшілерінің ұзақ іссапар кезінде балалары дүниеге келді.

Айта кету керек, 2018 жылдың қазан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстандық бітімгершілік контингенті, оның ішінде әскери бақылаушылар мен штаб офицерлері БҰҰДБ миссиясына қатысады. Осы кезеңде Ливанда 500-ден астам әскери қызметші құнды тәжірибе жинады.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Ливан Республикасына келген бітімгерлердің орнына БҰҰ-ның Ливандағы миссиясы шеңберінде тапсырмаларды орындауды жалғастырған оныншы бітімгершілік контингенті Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері кетті.