Жаңалықтар

Қорғаныс министрлігінің Бітімгершілік операциялар орталығында «БҰҰ бітімгерлік операцияларындағы гендерлік аспектілер» атты пилоттық курс аяқталды

Бітімгершілік операциялар орталығының нұсқаушылары әзірлеген курс бағдарламасына сәйкес тыңдаушылар бітімгерлік операцияларға қолданылатын халықаралық құқықтың негіздерімен, азаматтық халықты қорғаудың құқықтық негіздерімен және тұжырымдамасымен, қарулы қақтығыстар орын алатын тұрақсыз өңірлердегі жағдайды реттеу кезіндегі гендерлік аспектілермен таныстырылды. Одан өзге «Гендерлік зорлық-зомбылық» тақырыбында дәрістер оқылды.

Курс негізінен Қарулы күштердің, ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық ұланның әйелдеріне арналған.

Курс тыңдаушыларына 2-сыныпты төтенше және өкілетті елшісі – Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымының бас кеңесшісі Мадина Жарбосынова, заң ғылымдарының PhD докторы Халида Әжіғұлова, «Қазақстанның қоғамдық құқықтар және тең мүмкіндіктер институты» қоғамдық қорының президенті, ARASHA тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған баспана директоры Маргарита Өскембаева және БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің басшысы Властимил Самек дәріс оқыды.

- Бұл курс өте өзекті, әсіресе бүгінде орын алып жатқан шиеленістің, әскери қақтығыстардың нәтижесінде бейбіт тұрғындар зардап шегеді, - деп атап өтті заң ғылымдарының PhD докторы Халида Әжіғұлова. - Сондықтан Қазақстаннан бітімгерлік миссияларға әйелдердің қатысуы маңызды, өйткені жағдайы тұрақсыз елдердің жергілікті халқы, атап айтқанда әйелдер мен балалар, бітімгер әйелдерге көбірек сенеді.

Сабақтар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» 1325 (2000) қарарын іске асыру мәселелерінде тыңдаушылардың хабардарлығын арттырды. Жалпы, пилоттық жоба Қазақстандағы әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарының мақсаттарына қол жеткізуге және ҚР Қарулы күштерінің БҰҰ бітімгерлік миссияларына қатысуын кеңейтуге бағытталған.

Соңында тыңдаушыларға курстан өткенін куәландыратын сертификаттар табысталды.