Жаңалықтар

Алматыда гендерлік аспектілер бойынша өңірлік курс өтуде

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында Орталық Азия өңірі елдері күш құрылымдары өкілдерінің қатысуымен гендерлік мәселелер жөнінде әскери кеңесшілерге арналған курс басталды.

Оған ҚР Қарулы күштерінің әскери қызметшілері, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан ведомстволарының мамандары қатысуда. «БҰҰ-әйелдер» құрылымының өңірлік кеңсесінің өкілінен басқа KAZCENT офицерлері де нұсқаушы ретінде әрекет етеді.

Орталықта осындай сабақтар үшінші жыл өткізіледі. Курс тыңдаушылары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» 1325 қарарының іске асырылу барысымен, гендерлік мәселелер және адам қауіпсіздігі жөніндегі кеңесші қызметімен танысады. Бағдарлама бейбіт тұрғындарды қорғаудың құқықтық және тұжырымдамалық негіздерін зерттеуді қамтиды.

– Әскери қақтығыстар кезінде көбіне әйелдер мен балалар қылмыстың құрбаны болады. Курс барысында зорлық-зомбылықтан аман қалған әйелдер мен қыздарды қорғау мен оңалтуға жәрдемдесу қағидаттары зерделенетін болады. Бүгінгі таңда жанжалдардың алдын алу мен реттеудегі әйел бітімгерлердің рөлі барған сайын арта түскенін атап өткім келеді, – деді орталықтың Бітімгерлік даярлық басқармасының аға офицері майор Римма Шәкеева.

Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымындағы гендерлік кеңесшілердің миссиясы қауіпсіздік саласындағы гендерлік теңдік стратегиясын жүзеге асыру болып табылады. Әйелдердің бітімгерлік операцияларға қатысуын кеңейту халықтың осал санаттарымен байланыс орнату және олардың құқықтарын қорғау мақсатында БҰҰ-ның басты міндеті болып табылады.