Жаңалықтар

Бітімгерлер қысқы оқу кезеңіне арналған іс-шараларды қорытындылады

ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының басшысы полковник Бауыржан Нығметуллиннің басшылығымен орталықтың қысқы оқу кезеңіндегі қызметінің қорытындысы шығарылды, сондай-ақ алдағы кезеңге жоспарлар жасалды.

Отырыс барысында жауынгерлік дайындық жағдайы, KAZCENT нысандарын диверсияға қарсы қорғауға және әскер қызметінің іс-қимыл мәселелері қаралды.

Басқарма мен қызмет бағыттары – бітімгерлік және тілдік даярлық, материалдық-техникалық, медициналық қызмет көрсету бағыттары бойынша бастықтардың баяндамалары, сондай-ақ әскери тәртіп пен құқықтық тәртіптің жай-күйі, құрамы, сержанттар құрамының жұмысы туралы есептер тыңдалды.

Отырыс қорытындысы бойынша орталық бастығы полковник Бауыржан Нығметуллин ведомство қызметінің алдағы кезеңге арналған басым бағыттарын белгіледі. Негізгі ережелер бітімгерлік контингенттің Голан жоталарына кететін екінші ротациясын сапалы дайындауға, KAZCENT жеке құрамының жоғары жауынгерлік әзірлігі мен әскери тәртібін қолдауға, орталық объектілерінің диверсияға қарсы іс-қимыл қорғанысын жоспарлы күшейтуге бағытталатын болады.

Іс-шара соңында Отанды қорғау күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай Бітімгерлік операциялар орталығының әскери қызметшілерін мемлекеттік және ведомстволық наградалармен, медальдармен, мерзімінен бұрын атақтармен және грамоталармен марапаттау рәсімі өтті.

Мәселен, БҰҰ бітімгерлік миссиясына жіберу үшін ұлттық контингентті дайындауға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 2 мамырдағы Жарлығымен Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденімен ҚР ҚМ Бітімгерлік операциялар орталығының бастығы полковник Бауыржан Нығметуллин, Рахымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі «Айбын» ордені – Орталықтың бітімгерлік даярлық басқармасының сержанты 1 сыныпты сержант Нұрлан Әйтімовке берілді. Сондай-ақ, Орталық бастығының орынбасары подполковник Уәлихан Байкенов және материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының сержанты 2-сыныпты сержант Қайсар Әлмағамбетов «Жауынгерілк ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен KAZCENT-тің тоғыз әскери қызметшісі ведомстволық наградалармен – 1, 2 және 3 дәрежелі «Ел қорғаны», «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталды.