Жаңалықтар

Әскери қызметтің қауіпсіздігі басымдықта

Қарулы Күштерде басталған жаңа оқу кезеңі аясында ҚР ҚМ бітімгершілік операциялар орталығында (KAZCENT) қызметтік қызметтегі қауіпсіздік шаралары бойынша кешенді сабақтар өтті.

«Бітімгер» оқу орталығының аумағында тәжірибелі нұсқаушылар жеке құрамға қару-жарақ пен әскери техникамен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау туралы егжей-тегжейлі нұсқау беріп, практикум өткізді.

- Нұсқама әскери қызметшілерді барынша қамти отырып, жаңа оқу жылы басталар алдында жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес жүргізіледі,-деп атап өтті материалдық-техникалық қамтамасыз ету орталығы бастығының орынбасары подполковник Рустам Жанжүменов. - Бұл сабақтар бірінші кезекте жеке құрам арасындағы жарақаттануды болдырмауға бағытталған.

Барлық әскери бөлімдердегідей KAZCENT-те жаңа оқу кезеңінің бірінші аптасында бөлімшенің жауынгерлік әзірлігін пысықтау бойынша тактикалық-саптық сабақтар өткізілетін болады.