Жаңалықтар

Әскери қызметшілердің құқықтық сауаттылығы – басты назарда

ҚР Қорғаныс министрлігінің Бітімгершілік операциялар орталығында KAZCENT әскери қызметшілерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған сабақтар өтті.

Алматы өңірлік гарнизонының әскери полиция қызметкерлері Орталықтың жеке құрамын құқық бұзушылық түрлері және оларды бұзғаны үшін жауапкершілік шаралары туралы хабардар етті.

Әскери полиция басқармасының алдын алу бөлімінің бастығы әділет подполковнигі Берік Жарасов Қылмыстық кодекстің әскери бөлімді өз еркімен тастап кету, жалтару немесе әскери қызмет өткеруден бас тарту сияқты теріс қылықтарға қатысты ережелерін жеткізді.

Әкімшілік практика бөлімінің бастығы әділет подполковнигі Әсем Адамбекова бітімгершілермен "Айыппұлсыз жаңа жыл" акциясы, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық аясында әкімшілік заңнама тақырыбында профилактикалық дәріс өткізді.

- Бүгінде Қазақстанда отбасылық зорлық – зомбылыққа қарсы күрес және құрбандарды қорғау мәселелеріне көп көңіл бөлінуде, - деп түсіндірді әділет подполковнигі Әсем Адамбекова. - Отбасылық зорлық-зомбылық ауыр қылмыс ретінде қарастырылады және оның алдын алу үшін заңнамалық деңгейде жаза күшейтілді.

Іс-шара еліміздің күш ведомстволарында өткізілетін "Өміріңді сақта" ведомствоаралық бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылғанын атап өту қажет.