Жаңалықтар

Халықаралық қақтығыстарды басқару – БҰҰ бітімгерлік қызметінің маңызды құрамдас бөлігі

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында (KAZCENT) Ұлыбритания Қорғаныс министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылған «Халықаралық қақтығыстарды басқару» курсы өтті.

Курс жанжалдарды реттеу барысында БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар әрекет етуі тиіс халықаралық, ішкі саяси, құқықтық және стратегиялық контексті түсіну үшін хабардарлықты арттыру мен білім алуға бағытталған.

KAZCENT әскери қызметшілері қатарынан курс тыңдаушылары әскери дипломатияның, әскери-азаматтық қатынастардың негізгі аспектілерін зерделеп, жанжалдардың табиғаты мен трансформациясын қарастырды.

– Жанжалдың негізгі факторларын талдау және анықтау – бітімгердің кәсіби қызметінің маңызды құрамдас бөлігі. Практикалық сабақтар кезінде тыңдаушылар дағдарысқа ден қоюға және келіссөздер процесін ұйымдастыруға негізделген шешімдер қабылдау мәселелерін талқылады, – деп атап өтті Бітімгерлік операциялар орталығы бастығының орынбасары подполковник Уәлихан Байкенов.

Бір апталық курс барысында алған білімі мен дағдылары бітімгерлер үшін практикалық қызметте пайдалы болмақ.